Павлодар қаласындағы «Астана» мұз сарайында қазақ күресінен І Халықаралық «Alem Barysy» турнирі басталды.
Қазақ күресі тарихындағы айтулы шараға Мемлекет басшысы құттықтау хатын жолдады. Құттықтау хатты ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып берді.
«Мәртебелі күрес өнерінің мерейін асыратын палуандардың байрақты бәсекесі құтты болсын.
«Әлем барысы» атты аламан доданың тұңғыш рет біздің елде өткізілуі - спорт тарихындағы маңызды оқиға. Қазақ күресі қазіргі таңда жаңа белеске көтерілді. Ол өзге елдердің де сүйікті спортына айналды. Былтыр «Еуразия барысы» халықаралық сайысы табысты өтті. Енді «Әлем барысы» додасы төл спортымызды бүкіл әлемге паш етуде.
Қазақша күреске қолдау көрсеткен спорт мамандарына, палуандарға және жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Алып та, шалып та жығатын жампоздарға сәттілік пен жеңіс тілеймін!», делінген Елбасы құттықтауында.