«Ахтанов әдебиетке соғыстың сыз окоптарынан келді» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ахтанов әдебиетке соғыстың сыз окоптарынан келді»

25.10.2014
«Ахтанов әдебиетке соғыстың сыз окоптарынан келді»

Бүгін - Қазақстанның Халық жазушысы, Отан соғысының ардагері  Тахауи Ахтановтың туғанына – 91 жыл.

Тахауи Ахтанов 1923 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз ауылында туған. 1940 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалык институтына оқуға түседі.

ІІ курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.

Оның қаламгерлік келбеті жөнінде  қазақ драматургиясындағы қайталанбас тұлға, замандасы Қалтай Мұхамеджанов:

«Ахтанов әдебиетте өзіндік бетін ашқан, өз тақырыбын, өз машығын тапқан жазушы. Өйткені, ол әдебиетке даңғаза дау-дамайды малданып, тұқшаң-тұқшаң қағаз шимайлап, мал табуды мақсат тұтып келген жоқ.

Ол әдебиетке қан-қасіреті мол, соғыстың сыз окоптарынан келді. Өлімнің сұсты бетін көріп, өмірдің қат-қабат мәнін түсініп келді. Ахтанов -  қазір жер басып жүргендер түгілі, келешек ұрпақтар да қастер тұтатын, етігімен су кешкен, кеудесін оқ тескен қаһарман майдангер ұрпақтың өкілі.

Ол әдебиетке өз буыны бастан кешкен бай рухани тәжірибені ала келді. Мүмкін, сондықтан да ол  шыншыл, сондықтан да ол сыршыл шығар», деп жазады.

1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін жазушы әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезеңде оның әдеби-сын мақалалары жиі жарияланып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарық көрді. Дегенмен, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары - проза мен драматургия.

Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі - «Күй аңызы» деп аталады. 1956 жылы «Қаһарлы күндер» атты романы жарық көрді. «Дала сыры» повесі үшін 1966 жылы Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.

1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала» драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды.

«Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ сахнасымен қатар, түркітілдес халықтар сахнасында қойылды.

А.Н. Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М. Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

II дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу