Әділбек Жақсыбеков Астана қаласының әкімі болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әділбек Жақсыбеков Астана қаласының әкімі болып тағайындалды

22.10.2014
Әділбек Жақсыбеков Астана қаласының әкімі болып тағайындалды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласы активіне жаңа әкім Әділбек Жақсыбековті таныстырды.

Бұл туралы Ақорданың Твиттердегі  парақшасында хабарланды.

Біздің анықтама:

Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков  1954 жылы 26 шілдеде Қостанай облысы, Қарабалық ауданының Бөрілі ауылында туған.

1977 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (Мәскеу қаласы) экономика факультетін тәмамдаған.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына сайланды. 1996 жылы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

1997-2003 жылдары  аралығында Астана қаласының әкімі қызметін атқарды. 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі болды.

2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы, 2008 жылғы  қаңтар-қазан аралығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары – ҚР Президентінің кеңесшісі  қызметін атқарды.

2008-2009 жылдары Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісі болды. 

2009-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, 2014 жылғы 3 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

2008 жылы Астана қаласындағы «Дөңгелек алаң» архитектуралық кешені үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», II және III дәрежелі «Барыс», III дәрежелі «Князь Ярослав Мудрый» (Украина) ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу