Бокстан Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнир жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бокстан Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнир жеңімпаздары анықталды

22.10.2014
Бокстан Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған халықаралық турнир жеңімпаздары анықталды

Ақтауда Маңғыстау облысының  Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен және «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ, НКОК компаниясының демеушілігімен КСРО спорт шебері, «қазақ боксының атасы» атанған Шоқыр Бөлтекұлын еске алуға арналған VIII халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды Маңғыстау облысының әкімдігі.

Дәстүрге айналған спорттық сайысқа шаршы алаңда шеберлігін сынасуға еліміздің әр түпкірінен және Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан, Түрікменстан, Ресей, Украина, Молдова елдерінен 110-ға жуық боксшы келді. Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Алик Айдарбаев боксты серік еткен таланттарға сәттілік тіледі.

«Бокс - ержүрек және қайратты ерлердің спорты. Бүгінде ҚР-ның спорт шебері, Қазақстан бокс мектебінің негізін қалаушы, Маңғыстау тумасы Шоқыр Бөлтекұлының ізбасарлары жетіліп келеді. Ел мерейін өсіріп, төбемізді көкке жеткізген абыройы асқақ ұландар аз емес. Олардың қатарында 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, 2013 жылғы Азия чемпионы әрі Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Берік Әбдірахманов бар. Олар жастарға үлгі болып, өжет әрі өр рухты өрендерге үлкен стимул әкелмек. Биылғы турнир шеберлікті шыңдауға, талантты танытуға зор мүмкіндік тудырып отыр», - деді аймақ басшысы.

Халықаралық бокс федерациясы тарапынан «А» санатына енгізілген төрт күнге созылған дүбірлі додада қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің мысы басым болды. Соның ішінде Маңғыстаудың үш саңлағы ақтық айқаста өз үстемдігін танытты. Алғашқы алтын жүлдені 52 келі салмақта қарсыласы қызылордалық Бекқожа Иннаятуллаевпен түскен таласта тайсалмай топ жарған маңғыстаулық Қуаныш Сәрсенбаев өз қанжығасына байлады. Одан өзге 49 келі салмақта ОҚО тумасы Шалқар Айқынбай, 56 келі салмақта ақмолалық Нұрсұлтан Көшеғұлов, 60 келі салмақта астаналық Дархан Жұмсақбаев чемпион атанды. 64 келі салмақта жерлесіміз Серік Жетібаев Салауат Мырзабаевқа есесін жібермей, "алтынды" еншіледі. 69 келі салмақта қызылордалық Жалғасбай Қазыбай, 75 келі салмақта Маңғыстау тумасы Сүлеймен Бердукаев, 81 келі салмақта Ақмола облысы тумасы Нұрдәулет Жарманов, 91 келі салмақта украиналық Ростислав Архипенко, жоғары салмақта оңтүстіктен келген оғлан Нұржан Бекзатов жүлдегер атанды.

 

Турнир жеңімпаздарына «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағы берілді. Бұдан өзге «Жеңіске деген ұмтылыс» марапаты Нұрсұлтан Көшеғұловқа табысталса, «үздік техникасы үшін» марапатына Нұрдәулет Жарманов ие болды. Көрермен көзайымына айналған Дархан Жұмсақбаев пен Еркеғали Назаралиевтің бәсекесі «үздік айқас» ретінде танылды. «Турнирдің үздік төрешісі» марапаты молдавалық Иван Поддубныйға берілді. Дәстүрлі спорттық сайыс келешекте өз жалғасын таппақ.

Хабарламаларға жазылу