Шалқар Ақанов: Мақсатым - қазақ өнерін әлемге мойындату - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шалқар Ақанов: Мақсатым - қазақ өнерін әлемге мойындату

15.10.2014
Шалқар Ақанов: Мақсатым - қазақ өнерін әлемге мойындату

Портрет өнерінде адамның сыртқы ұқсастығын айнытпай берумен қатар, ішкі жан-дүниесін, мінез-құлқын ашып көрсетіп, тұлғасын шынайылықпен бейнелеу ең негізгі міндет.

Портрет кейіпкерге қарап отырып салынады, кейде көмекші материалдарға, естеліктерге, фото суретке сүйене отырып та ойдан туындайды.

Бала кезінен сурет салуға машықтанып, тоғыз жылға жуық арнайы білім алған суретші Шалқар Ақановпен шағын сұхбатымызды ұсынамыз.

Шалқар Асқарұлы Ақанов

Біздің анықтама:

Шалқар Асқарұлы Ақанов - 1993 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында дүниеге келген. Үш ағайынды. Әкесі ауыл әкімшілігінде бас маман, анасы - бастауыш сынып мұғалімі.

2005 жылы 6-сыныптан соң оқуын Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының жанындағы мектеп-интернатта жалғастырды.

2009 жылы  Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА колледждің «Дизайн» мамандығына оқуға емтихансыз қабылданған ол, 2011 жылы колледжді қызыл дипломмен бітірген.

Сол жылы Алматыдағы Қазақ сәулет-құрылыс академиясының архитектура факультетіне III курсқа қабылданған. Қазіргі таңда Астанада тұрып жатыр.

- Бала кезінде сурет салмайтын жеткіншек болмайды. Ал, сенің сурет өнеріне әуестігің қашан басталды?

- Анамның айтуынша, сурет салуды 3 жасымнан бастаппын. Сурет өнері анамның ақ сүтімен дарыған деп сеніммен айта аламын. Себебі, анашымның өнеріне бала күнімнен ғашық болып тамсанып, соларды көшіріп салып, еліктеп өстім.

- Сурет салу стилің өзгеше екен...

- Классика бағытын әдейі таңдаған жоқпын. Уақыт өте қалыптасқан сурет салу техникамның өзі классикаға алып келді.

Нұрсұлтан Назарбаев. Шалқар Ақанов

- Сурет өнерінің басқа бағыттары қызықтырады ма?

- Әрине, сурет салудың қыр-сырын мен өздігімнен үйренген жоқпын. 6-сыныптан бастап Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА білім алдым, ол жерде көптеген өнер иелерінің берген білімдерінің нәрімен сусындадым. Қазақтың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеев атамыздың қызы Гүлназия Қастеева - ұстазым болғаны мен үшін мақтаныш. Бірақ, тек қарындашпен немесе акварель арқылы сурет салуды ұнатамын.

Мұхит Тұрсынов. Шалқар АқановАйбек Нұғымаров. Шалқар Ақанов

- Жеке көрме өткізуге суреттерің жеткілікті сияқты ғой...

Әлі көрмеге қоятын суреттерімді іріктеген жоқпын, бірақ бір жылдың көлемінде міндетті түрде өтеді.

Роза Рымбаева. Шалқар АқановБаян Есентаева. Шалқар Ақанов

- Қазақстанның эстрада және өнер жұлдыздарынан құралған «Алатау» футбол клубы логотипі авторы екеніңді білеміз. Қиын болған шығар.

- «Алатау» футбол командасының логотипін жасау барысында, бұрын-соңды футбол клубына логотип жасап көрмегендіктен, көп іздендім, зерттедім. Менің түсінгенім мен білгенім және ойыма келген идеялардың қосындысынан осындай логотип дүниеге келді.

«Алатау» футбол командасының логотипі. Шалқар АқановWorld Street Workout Championship-2014. Шалқар Ақанов

Шалқар Ақанов еңбектеріШалқар Ақанов еңбектеріШалқар Ақанов еңбектері

- Танымал адамдар портретін салғызуға тапсырыс бере ме?        

- Иә ара-тұра хабарласады. Бірақ барлығы құпия қалпында қалғанды жөн көреді олар.

Айдана Меденова. Шалқар АқановЖанар Дұғалова. Шалқар АқановКәмшат Жолдыбаева. Шалқар АқановМөлдір Әуелбекова. Шалқар Ақанов

- Суретшісің. Ән айтып, домбыра шертетін өнерің бар екен. «Өмір - жалған» деген ән де жазыпсың. Осы екі өнердің қайсысы жақын?

- Суретшілік, ән айту, күй тарту. Үш өнер болып кетті ғой. (жымиды)

«Өнерге әркімнің-ақ, бар таласы» демекші, әнге ғашықпын. Әрине, кәсіпқой әнші емеспін. Десек те, әуесқой әншімін. Жаныма жақын, өзіме ұнаған әуендерді орындағанға не жетсін, шіркін?! Иә, екі жыл домбыра үйірмесіне қатысқанмын.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра», демекші домбыраның үніне тәнтімін. Мен жаныма анау жақын, немесе мынау жақын деп бұларды бір-бірінен бөліп айтқым келмейді.

Жалпы, сурет салуым да, ән айтуым да, домбыра шертуім де мен үшін - хобби. Ән айтсам, бір керемет демалып қаламын. Сурет салсам, терең тұңғиыққа ойлана бата отырып, қиял әлемін бір шарлап шығамын. Мен үшін әрқайсының өзіндік орны мен өзіндік ерекшеліктері бар.

Кенжебек Жанәбілов. Шалқар АқановСәкен Майғазиев. Шалқар АқановМейрамбек Бесбаев. Шалқар Ақанов

Ән айтудағы басты мақсатым – ол менің жейтін нанымды табу немесе күнімді көру үшін емес. Сол әнді қолымнан келгенше жүрегімнен өткізіп бойыма сіңіріп барып, өзімнің жүрегіме жететіндей етіп орындау. Жүрегіме жеткен ән, мүмкін басқа жанның да жүрегіне жетіп қалары әбден мүмкін ғой?!

Жақында «Өмір - жалған» атты Қалқаман Сарин ағамның сөзіне жазылған, композитор Марат Оразаев ағамның әні жарыққа шықты. Алғашқы болғандықтан, кез-келген сынды түсіністікпен қабылдадым. Болашақта әлі де көптеген әндерді үлкен сахнада орындаймын.

Қалқаман Сарин. Шалқар АқановАйнұр Тұрсынбаева. Шалқар АқановЕржан Серікбаев. Шалқар Ақанов

- Мақсатың не?

- Қазақ елін әлемге таныту, Қазақ елінің өнерінің ежелден бар екенін, қазіргі күнде де білімді ұрпақтарының барлығын, қазақтың өнері ешқашан өшпейтінін әлемге дәлелдеп, мойындату.

Шалқар Ақанов еңбектеріШалқар Ақанов еңбектеріШалқар Ақанов еңбектеріШалқар Ақанов еңбектері

Сұхбаттасқан: Дәурен СЫЗДЫҚОВ

Хабарламаларға жазылу