Есмұхан Обаев: «Әкемтеатр» - қазақ театрының биік деңгейін көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есмұхан Обаев: «Әкемтеатр» - қазақ театрының биік деңгейін көрсетті

15.10.2014
Есмұхан Обаев: «Әкемтеатр» - қазақ театрының биік деңгейін көрсетті

М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры Қырғыз Республикасындағы гастрольдік сапарын сәтті аяқтады. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Гастроль шымылдығы 6-шы қазан күні Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры сахнасында «Абай» спектаклімен ашылса, сапардың жабылу салтанатында  Р.Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» спектаклі қойылды.

Қазақстанның Халық әртісі, театр кеңесшісі Есмұхан Обаев Қырғыз еліндегі  есептік сапардың үлкен шығармашылық  жауапкершілікпен, дайындықпен жоғары деңгейде өткенін айтады.

«Көрсетілген жеті спектакльді ерекше ықыласпен қабылдаған көрермен Қазақ театрының биік деңгейін танып, бағалады. Актерлеріміздің кәсіби деңгейіне қырғыз көрермендерімен қатар, сол елдің мәдениет пен өнерінің көрнекті тұлғалары да риза болып, театр ұжымына ризашылықтарын білдірді», дейді ол.

Күн сайынғы қойылымдар көрерменнің алқалауымен өтті. Тіпті, кезінде Дездемонаны ойнаған актриса, 98 жастағы Айша Абдуллина апайдың өзі келіп, тамашалады. «Әкемтеатр» жазғы демалыс маусымында екі рет шетелге шығып келді. Оның өзі үлкен үлкен жауапкершілікті талап ететін ауқымды жұмыс. Театр осы екі сапарды да абыройлы өткерді», дейді театр кеңесшісі.

Хабарламаларға жазылу