Бүгін – жазушы, журналист Жайық Бектұров дүниеге келген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – жазушы, журналист Жайық Бектұров дүниеге келген күн

15.10.2014
Бүгін – жазушы, журналист Жайық Бектұров дүниеге келген күн

Бүгін - жазушы, аудармашы,  журналист, КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Жайық Бектұровтың туған күні (1912-1998).

Жайық Бектұров - Ақмола облысы Целиноград ауданы Қызылағаш ауылында дүниеге келген. 1920 жылдың басында  ауылда ашылған жаңа мектепке барған. Атбасардағы Халық ағарту комиссариатының 2 жылдық мұғалімдер курсын бітірген.

Ол еңбек жолын Қарағанды облысы Нұра ауданында мұғалімдік қызметтен бастаған. Қазақ өлкелік, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс, Мақтаарал ауданы комсомол ұжымдарында қызмет еткен.  «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеті редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші, Жамбыл облысы «Еңбек туы» газетінде редактор, Қарағанды, Талдықорған қалаларында мектепте мұғалім, сондай-ақ, облыстық газеттерде жұмыс істеді. 1958 жылдан бастап, ұзақ жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысаралық бөлімшесін басқарды.

Жазушының алғашқы әдеби сын мақалалары, эсселері, өлеңдері 1928 жылдан баспасөз беттерінде жариялана бастады. Көркем аударма саласында да қалам тартты.

Д.Дефоның «Робинзон Крузо», А.Чапыгиннің «Степан Разин» романдарын, Л.Пантелеевтің әңгімелер жинағын, Д.Львович, Ш.Петефи, Г.Серебрякова, Я.Гашек шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Г.Потанин, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Ә.Марғұлан тағы басқа да тұлғалар туралы естеліктер, әдеби портреттер жинағының авторы.

XX ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін шындығын ашық жазып, қоғамда әлеуметтік әділдік принципінің орнығуына ықпал етті.

Жайық Бектұровтың «Өткелдер» өлеңдер мен поэмалар жинағы, «Ақиқаты осы еді», «Таңба», қайтыс болғаннан кейін «Енеден ерте айырылған төл секілді» кітаптары жарыққа шыққан.

 

Хабарламаларға жазылу