«Егеменнің» алғашқы атауы – «Ұшқын» болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Егеменнің» алғашқы атауы – «Ұшқын» болған

09.10.2014
«Егеменнің» алғашқы атауы – «Ұшқын» болған

«Егемен Қазақстан» – Қазақстан Республикасында жарыққа шығатын мемлекеттік ресми баспасөз құралы. Басылым негізінен ресми ақпаратты, жаңадан қабылданған құқықтық актілерді және басқа да ресми ақпаратты жариялайды. Газет 1919 жылдың 17 желтоқсанынан бастап аптасына 5 рет шығарылады. Алғашқы атауы «Ұшқын» болатын.

 «Егемен Қазақстанның» алғашқы саны 1919 жылдың аяғында Орынбор қаласында жарыққа шықты. Содан бері ұжымдастыру кезеңі де, сталиндік қуғын-сүргін кезеңі де, соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі қиын кезең де газеттің тұрақты түрде жариялануына кедергі бола алмады. Тек атауы ғана «Ұшқын», одан кейін «Еңбек Туы», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» және соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Бұл газетте қазақ зиялы қауымының негізгі шығармашылығы жинақталған. Олар газетте алғашқы күндерден бастап-ақ жұмыс істеді. Алғашқы кезде газетте қазақ зиялыларының күшті шығармашылық тобы жинақталды.

Газеттің алғашқы редакторларының бірі – Сәкен Сейфуллин болды. Мұнда Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров секілді біртуар тұлғалар жұмыс істеді және шығармаларын жариялады.

«Егемен Қазақстан» мектебінен сандаған журналист өтті. Әрине, уақыт өткен сайын республикада заман талабына сай және күшті болуы мүмкін қазақ тілді жаңа газеттер пайда болды, бірақ «Егемен Қазақстан» әрдайым тұрақты жариялануы мен объективтілігімен ерекшеленеді.

Бүгінге дейін  газеттің кеңсесі түрлі қалада орналасты, ең алдымен Орынборда, Қызылордада, содан кейін Алматыда, ал қазір тарихы газеттің сарғайған беттерінде сақтаулы тәуелсіз мемлекетіміздің бас қаласы – Астанада.

Хабарламаларға жазылу