Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев үздік ұстаздарды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев үздік ұстаздарды марапаттады

03.10.2014
Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев үздік ұстаздарды марапаттады

Естай атындағы мәдениет сарайында ұстаздар күніне арналған «Мектептің жүрегі – мұғалім» атты салтанатты шара өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Аймақ басшысы Қанат Бозымбаев білім беру саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің үздік педагогтарына құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті.

"Ұстаздар күні – еліміздегі ең сүйікті мерекелердің бірі. Бұл күні шәкірттер өмірге жолдама берген мұғалімдерін төл мерекесімен құттықтайды. Қоғам әрдайым тәлім алған ұстаздарының алдында қарыздар болып қала береді. Себебі педагогтың шәкірттеріне деген сүйіспеншілігіне өлшем жоқ. Әсіресе, бүгін ардагерлерімізді ерекше атап өткім келеді. Құрметті ардагерлер, сіздердің облыстық білім беру жүйесінің алтын қорына қосқан үлестеріңіз шексіз. Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат тілеймін. Жас ұрпақты жетілдіру жолындағы еңбектеріңізге алғыс айтамын", - деп облыс әкімі ізгі тілегін жолдады.

 Сонымен қатар бүгін «Жыл ұстазы» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Облыстық байқаудың бас жүлдесін Павлодар қаласы № 34 мектептің информатика пәні мұғалімі Илья Поляков жеңіп алды. Биыл үздік атану үшін аймақтың 23 ұстазы бақ сынасқан болатын.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда облыста 20 мыңнан астам ұстаз еңбек етуде. Оның ішінде 300-ден астам әулет өз өмірін ағарту ісіне арнаған. Жыл сайын 500-ден астам жас ұстаз білім ордаларында еңбек жолын бастайды.

Хабарламаларға жазылу