Талғат Теменов Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғат Теменов Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды

29.09.2014
Талғат Теменов  Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды

Талғат Теменов  Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Біздің анықтама:

Талғат Досымғалиұлы Теменов - 1954 жылдың 23 қарашасында  Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Малыбай ауылында дүниеге келген.  Кинорежиссер, кинодраматург, Қазақстанның Халық әртісі.

Алматы мемлекеттік консерваториясының театр бөлімін және Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы жоғары режессерлер мен сценарийшілер бөлімін бітірген. Алғашында Талдықорған облысы драма театры труппасында актер болып қызмет етті.

Бұдан кейін «Қазақфильм» студиясында режиссердің көмекшісі әрі сценарийст, кинорежиссер, қоюшы кинорежиссер, «Мосфильм» студиясында кинорежиссер, 1994-2000 жылы Алматы мемлекеттік театр және кино институтының ректоры, 2000 жылдан «Қазақфильм» кинокомпаниясының көркемдік жетекшісі.

Ал 2004 жылдан Қазақтың мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрының директоры болып қызмет атқарады. Алғаш қойған «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты толықметражды көркем фильмі Майндағы Франкфурт қаласында өткен 15-Халықаралық кинофестивальдың Гран-при жүлдесіне, Италияда «Күміс аю»  жүлдесіне  және Португалияда өткен Халықаралық кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болды.

Оның өзі жазған сценарийі бойынша қойған көркемфильмдері қатарында «Шаңырақ» (1983), «Қайдасың сен, Чапай?» (1984), «Торо» (1986), «Адамдар арасындағы бөлтірік» (1988), «Қызғыш құс» (1991), «Махаббат бекеті» (1993), т.б. бар.

 1994 жылдан ұстаздықпен айналысып келеді. Талғат Теменов  «Қайырлы таң» (1979) және «Гүлнәз» (1986), «Ой жасын» (2004) атты повестер мен әңгімелер жинағының авторы. «Құрмет» орденімен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу