«Балапан» - 4 жаста (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Балапан» - 4 жаста (ФОТО)

27.09.2014
«Балапан» - 4 жаста (ФОТО)

Осыдан 4 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен тұңғыш отандық балалар телеарнасының тұсауы кесілді.

«Балапан» телеарнасының мақсаты - өсіп келе жатқан жас буынның ұлттық және мәдени тұлғасын қалыптастыру, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал ету.

Бүгінде телеарна 17 сағат бойы тек қазақ тілінде хабар таратады.

Арнаның туған күніне орай, кішкентай көрермендер арасында «Туған күніңмен, Балапан» акциясы жарияланды. Оған қатысушылар редакцияға өлеңдер, әндер мен құттықтауларын жіберді. Бейнетаспаға жазылған құттықтауларды кішкентай көрермендер  бүгін телеарнадан тамашалады.

 «Қазмедиа» орталығының үлкен залында сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін мерекелік шара мен көрме өткізілді.

Сонымен қатар, көрермендер сұрауы бойынша бүлдіршіндердің сүйікті әндеріне арналған бағдарламалар әндері мектептер мен балабақшаларға арнап, СD дискке басып  шығарылды.

Бастауыш сынып оқушыларының білімге деген қызығушылығын арттыру, оқу бағдарламасын жетілдіру мақсатында «Зерде» интеллектуалды жобасы дүниеге келді.

Бүгінгі таңда телеарна ел тұрғындарының бестен бір бөлігін қамтиды.

Телеарнаның 2 жыл бұрын ашылған balapantv.kz cайты балаларға арналған түрлі ойын, мультхикая, жаңалық, танымдық материал мен қызықты ақпарат ұсынады.

«Балапан» бүгінде көптеген шетелдік арнамен тығыз байланыс орнатып үлгерді.

Германияның «ZDF», «BBC» «Kids» ірі телерадиокорпорацияларымен тәжірибе алмасу және бағдарламалар тарату кестесін зерттеуге қатысты келіссөздер жүргізілуде. «Kika TV» (Германия), «Baraem» (Катар), «Карусель» (Ресей), «Tiji» (Франция)   телеарналарымен тәжірибе алмасу жоспарланған.

Жаңа телемаусымда кішкентай көрермендер үшін 14 жанрлық бағытты қамтитын 30-ға жуық тың бағдарлама әзірленді.

Тұңғыш рет телеарна тапсырысы бойынша «Motion Capture» жанрында үш сериядан тұратын «Батырлар» анимациялық сериалы көрсетілді. 2014 жылғы жоспар бойынша тағы да 3 серия жарыққа шықпақ. 

Қазіргі уақытта Гонконг Диснейлендінде түсірілімдер ұйымдастыру ісі дайындық үстінде.

Хабарламаларға жазылу