Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

27.09.2014
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Бұл мереке Елбасының 2013 жылғы 22 қашадағы Жарлығы бойынша Қазақстанда тұңғыш рет аталып отыр.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еңбек күнімен құттықтауы:

Сіздерді Еңбек Күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл біз бұл мерекені алғаш рет атап өткелі отырмыз.

Еліміз «Қазақстан 2050» стратегиясының негізгі тұғыры - Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру жолында сеніммен алға басып келеді.

Қазақстан экономикасында заманауи зауыттар мен кәсіпорындар, жаңа күре жолдар салынып, ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылуда. Көлік және әуе кемелерін жасау, локомотивтер мен ғарыштық аппараттар шығару және өзге де көптеген жоғары технологиялық салалар пайда болуда.

Біз ауылшаруашылығын дамытудың, шағын және орта бизнесті қолдаудың ауқымды бағдарламаларын іске асырудамыз.

Кәсіби мамандар даярлау саласында сапалы өзгерістер жүзеге асырылып, дуальды білім жүйесі енгізілуде.
Жоғары нәтижелі еңбек етуді ынталандыру үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы және «Еңбек ардагері» арнайы медалі беріледі. Бұл марапаттар жыл сайын үздік ауылшаруашылығы еңбеккерлеріне, металлургтерге, мұнайшыларға, ұстаздарға, дәрігерлерге және өзге де кәсіп өкілдеріне тапсырылады.

Еңбеккерлерді әлеуметтік қорғаудың деңгейі көтеріліп, еңбек қатынастары туралы ұлттық заңдарымыз жетілдірілуде, кәсіподақтардың орны нығая түсуде.

Әрбір қазақстандықтың лайықты, адал және кәсіби еңбегі Қазақстанның ұлы мақсаты - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруінің кепілі болмақ.

Бүгінгі мереке күні мен барлық отандастарыма зор денсаулық, еңбекте жаңа табыстар және амандық тілеймін!

Фото: e-history.kz

Хабарламаларға жазылу