24 қыркүйек күні Астанада «Ықшам үкімет – кешенді коммуникациялар» тақырыбында алқалы жиын өтті. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубы хабарлайды. Оған Астана мен өзге өңірлердің жұртшылықпен байланыс бойынша сала мамандары қатысты.
Жиынның мақсаты – мемлекеттік коммуникацияларды дамыту, БАҚ-пен тиімді жұмыс жасау, PR мамандарының кәсіби деңгейін көтеру тағы басқа салалық мәселелерді талқылауға арналған Астанадағы тұрақты, интерактивтік пікір-талас алаңын құру.
Бұл ҚР-ның Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығының қолдау көрсетуімен PG Communications/Қазақстан Баспасөз клубының Қазақстандық PR-кәсіпқойларының «PR-шы» клубымен бірлесе отырып екінші жыл қатар ұйымдастырған «Астана PR-КҮНІ» конференциясы.
Конференция барысында мемлекеттік тілдегі PR ерекшеліктері, дағдарысқа қарсы коммуникациялар, мемлекеттік жобаларды ілгерілетуде SMM-технологияларды қолдану және PR департаменттерінің PR қызметін ұсынатын мердігерлермен өзара әрекеттесуі туралы мәселелер талқыланды.
Бірінші пленарлық отырыс кезінде Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Асқар Жалдынов, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігінің Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Сәкен Қалқаманов, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Айдар Махметов, ЭКСПО баспасөз қызметінің басшысы Айгүл Мүкей және т.б. спикерлер өздерінің баяндамаларымен таныстырды.
Сонымен қатар, мемлекеттік тілдегі PR ерекшеліктері туралы секция кезінде қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан пиарда да әркез ұлттық дүниелерді ескеру керектігі туралы айтты. Пікір таласқа қатысқан спикерлер қазақ тілінде жасалып жатқан жобалардың, материалдардың сапасы мен қазақша жазатын тілшілермен жұмыс жасау мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, конференцияда мемлекеттік және өзге де мекемелердің баспасөз қызметі және жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменттердің журналистермен жұмыс жасау сапасы туралы сауалнама нәтижесі жарияланды.