Қазақстанда тұңғыш рет қазақ күресінен «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда тұңғыш рет қазақ күресінен «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтеді

23.09.2014
Қазақстанда тұңғыш рет қазақ күресінен «Әлем Барысы» халықаралық турнирі өтеді

Өткен жылы тұңғыш рет қазақ күресінен «Еуразия Барысы» өткен болатын. Ал биыл тағы бір үлкен жаңалықтың куәсі болмақпыз - төл күресімізден «Әлем Барысы» жарысы өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлем Барысы» қазанның  25-сі күні Павлодар қаласында, ал екінші рет «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінің жалауы қарашаның 22-сі күні Тараз қаласында желбіремек. Бұл туралы «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры хабарлады. Осыған орай ертең, яғни қыркүйектің 24-і күні сағат 11:00-де «Rixos President Astana» қонақүйінің «Orda» конференция залында «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының ұйымдастыруымен аталмыш турнирлерге арналған баспасөз мәслихаты өткізіледі.

Оған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ бас директоры Дархан Қалетаев, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев, Павлодар облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев, Жамбыл облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков қатысады.

Елімізде қазақ күресінен тұңғыш рет өткізілгелі отырған «Әлем Барысы» халықаралық турнирінде әлемнің 30-дан астам елінің түйе палуандары күш сынасады. Сонымен қатар Қазақстанның құрама командасы шетелдердің командаларымен қазақ күресінен II «Еуразия Барысы» халықаралық турнирінде кездеседі.

Жобаның ұйымдастырушылары - «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы, сондай-ақ, Павлодар облысының әкімдігі мен Жамбыл облысының әкімдігі.

Бас демеушісі - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ.  Ал демеушілері және серіктестері «Проммашкомплект» ЖШС, «ҚазАгро» АҚ, «Қазақстан» және «КТК» телеарналары, жоба идеясының авторы Арман Шораев.

Хабарламаларға жазылу