Сall-орталығына фермерлерден түскен қоңыраулар саны күрт артты – ҚазАгро

23.09.2014
Сall-орталығына фермерлерден түскен қоңыраулар саны күрт артты – ҚазАгро

Ағымдағы жылы шаруаларға арналған желі 1786 қоңырау қабылдаса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе жоғары көрсеткіш. Бұл туралы «Қазагромаркетинг» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Байланыс орталығына хабарласу жағдайларының жиілеуі, біріншіден, шаруаларымыздың тегін байланыс желісі туралы ақпарат алуымен, екіншіден, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «ҚазАгро» ұлттық холдингісінің жүзеге асырып отырған агробизнесті қолдау шаралары аясының кеңеюімен, яғни отандық шаруалардың аталмыш шаралар туралы ақпаратқа деген қызығушылық танытуымен байланысты.

«Хабарласушылардың сауалдары дәстүрлі болып келеді. Аграрлық саладағы несие беру бағдарламалары туралы ақпарат ең жиі қойылатын сауал болып табылады, қоңыраулардың 60 пайыз осы тақырыпқа арналады. Өсімдік және мал шаруашылығы саласындағы шығындарды субсидиялау тақырыбы тұтынушылардың 10 пайызын қызықтыратын болып шықты. 6-7 пайыз қоңырау шалушыны жеке ісін бастау үшін берілетін шағын несиелер тақырыбы қызықтырған екен», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, байланыс желісіне Қазақстан аумағынан барлық ұялы және стационарлық телефондардан тегін хабарласуға болады. Бұл желі арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілері аграрлық саланы мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпаратты біліп, «ҚазАгро» холдингісінің еншілес кәсіпорындары беретін жеңілдетілген несиелер туралы мәліметтермен қаныға алады.

Хабарламаларға жазылу