Елімізде Театр және музей ісі жөніндегі шығармашылық кеңестер құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарт».
Арыстанбек Мұхамедиұлынің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда елімізді театр және музей қызметтерін үйлестіретін бірыңғай орган жоқ. Өйткені, барлық театр жергілікті атқарушы органның қарамағында, ал мамандарды даярлау Білім және ғылым министрлігінің еншісінде. Мәдениет және спорт министрлігі болса, театр қызметтерін тек үйлестіруге ғана қауқарлы.
«Тәуелсіздік жылдары республикада 18 театр ашылды. Бұл ТМД елдері аумағындағы ең жоғары көрсеткіш екенін мақтанышпен айтуға болады. Үш театрға арналып Орал, Қарағанды және Қостанай қалаларында жаңа ғимараттар салынды. Мұндай оңды динамика - мемлекеттік қолдау белсендігінің нәтижесі», - деді министр.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 52 мемлекеттік театр жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 43 өңірлік театр және оннан астам әртүрлі бағыттағы театр бар.