Елордалық жастар ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді дәріптейді. Бүгін Қазақстан халқы тілдерінің ХVІ қалалық фестивалі аясында «Кемел тілдің келешегі» атты кезекті патриоттық акция өтуде, деп хабарлайды astana.kz.
Шара барысында жоғары оқу орындарының студенттері флеш-моб ұсынбақ. Тарих, мәдениет және қазақ тілінен викторина сұрақтарына жауап беріп, ұлттық ойындарға қатыспақ.
Сонымен қатар, астаналықтар қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін концертті тамашалайды. Онда Маржан Арапбаева, Ибрагим Ескендіров, Жаңабай Өтегенов және «Ұмай» тобы ән шырқайды. Сондай-ақ, «Арт-домбыра» аспаптық триосы, КТК (КВН) чемпиондары «Демеушіміз - Болашақ» командасы өнер көрсетеді деп күтілуде.
Аталған акция «Студентік» саябақта өтуде. Шараның басты мақсаты - жастар арасында мемлекеттік тілдің маңыздылығын арттыру, қолдану аясын кеңейту. Шараны ұйымдастырушы - Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы.