Астанада зағип және көру қабілеті нашар балаларға қызмет көрсетуге бейімделген алғашқы психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық №71 мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан. Астана қаласының әкімшілігі 450 шаршы метрлік аумақты бөліп, орталықта жұмыс істейтін мамандардың айлық жалақысын төлеуді міндетіне алды.
«Дара» қоры өз кезегінде бөлмелерге жөндеу жүргізіп, арнайы қондырғылар, оқу құралдарымен жабдықтады. Орталықта емдеу-дене шынықтыру залы, Монтессори кабинеті, әдістемелік кітапхана бар.
Түзету орталығы ай сайын 50-ге тарта мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді. Бірінші кезекте зағип балалар қамтылады. Оларға тифлопедагог, логопед, дефектолог, психолог, хореограф, шынықтыру мамандары мемлекеттік квота арқылы тегін қызмет көрсетеді.
Жоба «Дара» қорының және Астана қалалық Білім басқармасының қатысуымен, демеушілердің қолдауымен жүзеге асты.