Қазақстанда қылмыс деңгейі 5,7 пайызға төмендеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қылмыс деңгейі 5,7 пайызға төмендеді

16.09.2014
Қазақстанда қылмыс деңгейі 5,7 пайызға төмендеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Асхат Дауылбаевты қабылдады.

Кездесу барысында А.Дауылбаев елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, Мемлекет басшысының азаматтар құқықтары мен бостандықтарын, кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесінде таяуда болған өзгерістердің маңыздылығына тоқтала келе, олар елдегі қылмыстың азаюына септігін тигізетінін айтты.

«Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерінің жаңа редакцияда қабылдануына байланысты тіркелетін қылмыстар саны артты. Бұл жалпы қылмыстық ахуалды байыптауға оң әсерін тигізді. Барлық, тіпті ұсақ құқықбұзушылық та тіркелуге тиіс. Бұл жазадан құтылмау қағидатын іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, жазаның айып салу, бірақ, міндетті түрде бостандығынан айырмау секілді қаржылық түрлеріне ден қойған жөн. Осының бәрі қылмыстылық деңгейін төмендетуге және азаматтардың сенімін арттыруға бағытталған», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бас прокурор құқық қорғау органдарында азаматтар арыздарының 93 пайызы үшкүндік мерзім ішінде қарала бастағанын айтты. Сонымен қатар, барлық қылмысты 100 пайыз тіркеу қамтамасыз етілген.  Елдегі жалпы қылмыс деңгейі 5,7 пайызға төмендеді, бұл ретте аса ауыр қылмыстар саны 21 пайызға, ауыр қылмыстар 22 пайызға азайған.

Сондай-ақ, А.Дауылбаев Қазақстан Президентін азаматтардың еңбек құқықтарының, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары мүдделерінің қорғалуы, кәсіпкерлікке қолдау көрсету, сот өндірісіне дейінгі объективтілікті және тиімділікті қамтамасыз ету жөніндегі  прокуратура органдары жұмысының нәтижелері туралы хабардар етті.

Бұдан бөлек, Бас прокурор бюджетті толықтыру және пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында қолданылып жатқан шаралар туралы әңгімеледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы заңдылық пен құқықтық тәртіпті бұдан әрі нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдікті күшейтуге, мемлекет пен қоғам мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берді.

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу