Алматыда Құрбан айт мерекесіне орай рухани кеш өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Құрбан айт мерекесіне орай рухани кеш өтеді

13.09.2014
Алматыда Құрбан айт мерекесіне орай рухани кеш өтеді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұлық мереке Құрбан айтты биыл «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында ұлттық нақышпен өткізуді жоспарлауда.

Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Сыдықов мәлімдеді.

«Биылғы Құрбан айт мейрамы ұлттық нақышта өтеді. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен облыс, аудан орталықтары мен қалалардағы мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы дастарқан жайылады. Қазақтың ұлттық спорт түрлері - арқан тартыс, қазақша күрес, кір тасын көтеру, асық ойыны, белтемірге тартынудан сайыстар өткізіледі», - деді А.Сыдықов.

Сондай-ақ, келушілерге ыңғайлы болуы үшін мешіт ауласында балаларға арналған арнайы ойын алаңдары жұмыс істемек.

Республика бойынша жетім балалар мен кембағал жандарға мерекелік бағдарламалар әзірленуде.

Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Құрбан айттың құрметіне тұңғыш рет рухани кеш өтеді.

Кеште сахналық қойылымдар көрсетіліп, діни әндер мен термелер орындалады деп жоспарлануда.

ҚазАқпарат

 

Хабарламаларға жазылу