Мирас Асан – қазіргі қазақ поэзиясындағы арыны кең, әрбір ойының сөлін тамыза жырлап жүрген талантты лирик ақын.
Ол – өлеңдері сияқты жаны да нәзік, жаман пенделік пиғылдардан аулақ, ақындығы мен азаматтық болмысын қатар алып жүретіндей қауқары бар мінезді ақын.
Мирастың жары Жадыра да ақын. «Екі ақынның бір отбасында өмір сүруі өте қиын»,-дейді өзі.
Нәзіктік пен сұлулыққа іңкәр Мирас ақын бүгін 13.00-де «Поэзия әлемінде».
Біздің анықтама:
Мирас Асан - Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында 1987 жылы 13-ші мамырда дүниеге келген. Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі.
Педагогика ғылымдарының магистрі. 2010 жылғы ХІІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. «Соңғы раушан», «Бекзат» жыр жинақтарының авторы.
ТАРАЗЫ
Сезіміңе кірбің салсам кеш, күнім,
Есігімді қайта қақты ескі мұң...
Маған жалғыз жолын нұсқап көрген жоқ,
Саған жалғыз қолын созған бес күнім!
Айыптай бер, Ар алдында бәрібір,
Жүрек қана –
әрі таза, әрі кір!
Иығымның бір жағында Жадыра,
Иығымның бір жағында тағдыр!
Таразымын – күнә басқан сол жағын,
Сорлайды ылғи менің осы сол жағым...
(Өміріме сұрақ қойғың келсе егер,
Өлеңіме нүкте қойып көр жаным!)
Таразыға тартты уақыт Жан құнын,
Тәнім басып кете берді барлығын!
Таразымның бір жағында –
тағдырым,
Бір жағына сен ие боп қал, күнім!