Озық мемлекетер қатарынан көрінуге кедергі – сыбайлас жемқорлық – Бауыржан Байбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Озық мемлекетер қатарынан көрінуге кедергі – сыбайлас жемқорлық – Бауыржан Байбек

11.09.2014
Озық мемлекетер қатарынан көрінуге кедергі – сыбайлас жемқорлық – Бауыржан Байбек

«Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының отырысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Қайтсек, озық мемлекетке айналамыз?», деген көпшілік көкейіндегі сауалға жауап берді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарынан көрінуін басты меже ретінде белгіледі. Азаматтардың өмір сапасын озық мемлекеттер деңгейіне жеткізуді көздейтін бұл мақсаттың жолындағы басты кедергі – сыбайлас жемқорлық», - деді Бауыржан Байбек.

Саясаткердің айтуынша, бұл үшін бірінші кезекте тұрғындарға күнделікті өмірде тиесілі мемлекет қызметінің барлық түрі еш кедергісіз көрсетілуін қамтамасыз ету қажет.

«Еліміздің қызмет көрсету саласында әкімшілік кедергілер, субъективті факторлар барынша азайтылуда. Яғни, қарапайым жұртшылық қажетті құжаттарға «бір терезе» жүйесімен қысқа уақыттың ішінде қол жеткізуде, анықтамалардың бірқатарын «Электрондық үкімет» арқылы алуда, сонымен қатар, төлемдердің кейбірін электронды түрде атқаруда.

Мемлекеттік органдар тарапынан берілетін рұқсаттар саны қысқартылуда. Елбасының тапсырмасымен алдағы жылы ол 50 пайызға дейін азайтылады», - деп түйіндеді Бауыржан Байбек.

Отырыс қорытындысы бойынша ДКЖК мүшелері Коалиция атынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық Қазақстан азаматтарына арналған Үндеу қабылдады.

Хабарламаларға жазылу