Астанада Татарстанның мәдениет күндері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Татарстанның мәдениет күндері өтеді

10.09.2014
Астанада Татарстанның мәдениет күндері өтеді

19-21 қыркүйек аралығында Астанада Татарстан Республикасының мәдениет күндері өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына қызықты бағдарлама ұсынылмақ, деп хабарлайды  astana.kz.

19 қыркүйекте Бейбітшілік және келісім сарайында 450 әртістің қатысуымен гала-концерт өтеді. Астаналықтардың бауырлас халықтың ұлттық биімен, әнімен жақынырақ танысуына мүмкіндік бар. Қазақтың бұлбұл әншісі  Бибігүл Төлегенова қатысады. 

Ал, 20 қыркүйек күні «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда мерекелік халықтық серуен өтеді. Татар халқының ұлттық стилінде рәсімделген қалашық жасалып, өнеркәсіптік көрме, шығармашылық ұжымдардың концерті, спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, шара барысында татар халқының  ұлттық тағамдарынан дәм тату мүмкіндігі туады. Халықтық серуен таңертең сағат 10.00 басталып, кешкі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Жастар үшін мерекелік би кеші өткізіледі. Шараға Қазаннан келген 650-ге жуық әртіс атсалысады. 

Хабарламаларға жазылу