Жарыстың бірінші күнінде боз кілемге еркін күрестен төрт палуанымыз шығып, тек біреуі ғана жүлде үшін күресетін болды, деп хабарлайды confederation.kz сайты.
Биылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аслан Кахидзе (86 келі) Таймураз Фриевті (Испания, 10:4), Тимофей Ксенидисті (Грекия, 14:7) және Дато Марсагишвилиді (Грузия, 10:9) жеңіп, жартылай финалға жолдама алған. Алайда, финалға барар жолда біздің палуанды ресейлік Абдулрашид Садулаев тоқтатты (0:10). Осылайша, Кахидзе қола жүлдеге таласып көреді.
Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаровтың (70 келі) жолы болар емес. Ол Ташкент кілемінде америкалық Николас Мараблдан (1:2) ұтылды.
125 келідегі Ержан Дүйсенбеков үшін әлемдік сын бірінші белдесуде-ақ аяқталды. Ауыр салмақта сынға түскен палуанымыз Ник Матюхиннен 0:6 есебімен жеңіліп қалды.
Ал, Шыңғыс Шоқанов (57 келі) алғашқы кездесуінде қырғыз спортшысы Алтынбек Алымбаевты жеңген. Алайда, жапондық Юки Такахашиге айла таныта алмады (0:10).
Фото: confederation.kz