Елбасы «Соколов-Сарыбай» комбинатының 60 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Соколов-Сарыбай» комбинатының 60 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты

03.09.2014
Елбасы «Соколов-Сарыбай» комбинатының 60 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына сапарында «ССКӨБ» АҚ-ның 60 жылдығына арналған мерекелік шараға қатысты.  

Рудный қаласының орталық стадионында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы қаланың барша тұрғындарын мерейтойлық мерекемен - Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі жұмысының 60 жылдығымен құттықтады.

Қазақстан Президенті  өз сөзінде ССКӨБ дамудың даңқты жолынан өткенін айтты.

«ССКӨБ тарихы - бұл ең алдымен, оның бастауында тұрған және кеншілердің жақсы дәстүрін сақтап келген адамдардың тарихы. Біз сіздермен бұрынғы Кеңес одағының республикалары арасындағы байланыстар үзілген қиын кезеңде жаңа тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолын бірге өткердік», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде бұл кәсіпорын республиканың өнеркәсіптік өндірісіндегі көшбасшылардың бірі саналатынын, мұнда түбегейлі жаңғырту жүргізілгенін, кәсіпорында  ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып,  жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын айтты.

«Бүкіл еліміз секілді ССКӨБ-нің де адамдар көкейіне ертеңгі күніне деген сенім ұялататын нақты жоспары бар», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ССКӨБ ұжымының жаңа жетістіктерге жететініне сенімін білдірді.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын жұмысшыларына бақ-береке және Қазақстанның өркендеуі жолында зор табыстар тіледі. 

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу