Мемлекет басшысы депутаттық каникулдың мерзімін қысқартуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы депутаттық каникулдың мерзімін қысқартуды ұсынды

02.09.2014
Мемлекет басшысы депутаттық каникулдың мерзімін қысқартуды ұсынды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуына қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті ашылып жатқан «мүмкіндік көздерін» ұтымдылықпен пайдалана білу үшін Парламент пен Үкіметтің жүйелі жұмысының маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына байланысты басты міндеттің бірі – әкімшілік реформасын жалғастырып, кәсіби және жинақы мемлекеттік аппараты бар тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру. Өздеріңіз білесіздер, Үкіметтің жаңа құрылымы туралы шешім жүзеге асырылды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойылып, іске асырылуда. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысындағы көпсатылылық пен бір-бірін қайталауды азайтуға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына байланысты міндеттерді іске асыру аясында озық әлемдік тәжірибені ескере отырып, құрылымдық реформалар бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

Қазақстан Президенті төртінші сессия кезінде қарастырылуы қажет басымдыққа ие Заң жобаларын атады. Олардың қатарында жер қойнауын пайдалану мәселелері, АШК-де өнімділікті арттыру үшін салық заңнамасына өзгерістер жиынтығын енгізу, автономды білім беру мекемелерін академиялық басқару жүйесін жетілдіру, халықтың көші-қоны  жөніндегі Заң жобалары бар.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы депутаттарға олардың депутаттық каникулдарының уақытын қысқарту мүмкіндігін қарастыруды өтінді.

«Мұндай шешім депутаттық корпусқа халықтың игілігі үшін барлық мемлекеттік органдармен үйлесімді және бір ырғақта жұмыс істеуге септігін тигізер еді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, төртінші сессияның ашылуы кезінде Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңа депутаттың Қазақстан халқы алдында берген антын қабылдады.

 

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу