Мемлекет басшысы Шахтерлер күніне және Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Шахтерлер күніне және Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты

31.08.2014
Мемлекет басшысы Шахтерлер күніне және Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шахтерлер күніне және Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты.

Облыс орталығындағы орталық стадионда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды Конституция күнімен, ал, қарағандылықтарды Шахтерлер күнінің мерекеленуімен құттықтады.

Өз сөзінде Қазақстан Президенті биыл Шахтерлер күні Қарағандының, отандық көмір өнеркәсібінің символы саналатын қаланың 80 жылдығы аясында өтіп жатқанын атап өтті.

«Қарағанды топырағына деген менің сезімім ерекше. Осында еңбек жолым мен саяси өмірбаяным басталды. Бұл жерден бүкіл Қазақстанның индустриялық дамуы бастау алады. Мен кеншілерге әрдайым зор құрметпен қараймын, өйткені, шахтер еңбегі дегеннің не екенін жақсы білемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бүгінде көмір өндіру саласы отандық индустрияның берік негізіне айналғанын, ал шахтерлер еңбегі бұрынғыдан да қажеттірек бола түскенін айтты. Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан экономикасы үшін көмір өндіру кәсіпорындарының маңызы атап өтілді.

Қазақстан Президенті Қарағандының күрделі белестерден өте отырып, өзінің қайталанбас келбетін қалыптастырғанын атап өтті.

«Қарағандының шахтерлік шыңдалудың арқасында заманауи экономикада өзінің лайықты орнын таба білгенін көргеніме қуаныштымын. Қаланың және барша қарағандылықтардың келешегі зор екеніне  сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті қарағандылықтарға елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларға көрсеткен қолдауы үшін  алғысын айтты.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы қарағандылықтарға бақ-береке және Тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы еңбектеріне жеміс тіледі. 

akorda.kz

Хабарламаларға жазылу