Ұлттық арна жаңа маусымда «Құбылай хан» телехикаясын көрсетеді (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна жаңа маусымда «Құбылай хан» телехикаясын көрсетеді (ФОТО)

18.08.2014
Ұлттық арна жаңа маусымда «Құбылай хан» телехикаясын көрсетеді (ФОТО)

25 тамыздан бастап,  «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының эфирінен «Құбылай хан» телехикаясы көрсетіле бастайды.

Тарихи драма Шыңғыс ханның Төлейден тараған немересі Құбылай ханның өмірін суреттейді. Сюжет бірнеше онжылдықты қамти отырып, моңғолдардың Юань династиясының құрылуын баяндайды.

Мөңке моңғолдардың ханы атанған кезде Құбылай хан Қытайды жаулап алуға бел буады. Тарихтан белгілі болғандай, Шыңғысханның өлімінен кейін оның ұлдары Төлей мен Үгедей билікке таласа бастайды.

Үгедей хан болғанымен, оның әйелі Төрегін уайымнан көз ашпайды. Себебі, Ұлы Шыңғысхан көзі тірісінде немерелерінің ішінде Төлейдің ұлы Құбылайды ерекше көретін.

Төрегін күйеуінің ағасына у беріп өлтіргенімен қоймай, әкесінің өлімі үшін кек алғысы келген Мөңке мен Құбылайды көтеріліс ұйымдастырды деп айыптайды.

Алайда, Құбылайдың ерекше қырағылығы мен анасы Соргэгтэнидің данышпандығының арқасында Төлей ұрпақтары аман қалады. Құбылай осылайша,  Шыңғысханнан кейінгі моңғолдардың бесінші және соңғы атақты ханы атанады.

Құбылай жаулап алған жерге иелік ету үшін Қытайдың бір топ сенімді конфуциалық кеңесшілерін өз қарамағында ұстайтын болған. Сондай-ақ, Қытайдың орталық жазығын басқару үшін мемлекеттік қызмет жүйесін де қабылдады. Сондықтан,  оны сэцэн хан, яғни, данышпан хан деп атаған.

50 сериядан тұратын тарихи драма Қытай елінде үлкен табысқа жеткен қымбат жобалардың бірі болды.

Туындыда 5 мыңға жуық актер ойнайды. Сонымен қатар, түсірілім жұмыстарына 5 мыңға жуық ат қатыстырылды.  Тарихи драманың қоюшы режиссеры - Цуй Сиу Мин.

Драмалық оқиғаларға, кескілескен ұрыс пен тартысқа толы көпсериялы әлемдік бестселлердің Қазақстандағы премьерасы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан сағат 19.30-да  дүйсенбі мен жұма аралығында орыс тіліндегі субтитрмен көрсетіледі.

 

Хабарламаларға жазылу