Ботафого «KAZsport» телеарнасы туралы сюжет түсірді (ФОТО, ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ботафого «KAZsport» телеарнасы туралы сюжет түсірді (ФОТО, ВИДЕО)

04.08.2014
Ботафого  «KAZsport» телеарнасы туралы сюжет түсірді (ФОТО, ВИДЕО)

Бразилияда өткен футболдан Әлем чемпионаты кезінде «KAZsport» телеарнасы Ботафого футбол академиясында тәлім алып жүрген қазақстандық футболшылармен кездескен еді. Ботафого футбол клубының телеарнасы да Қазақ елінен келген қонақтар жөнінде сюжет түсірді.

Отандық тұңғыш спорт арнасының өкілдері «Санта-Круз» және «Мануэль Лео» стадиондарын аралап, Ботафого футбол академиясының жұмысымен де танысты.

Бразилияда  жас спортшыларға жетекшілік етіп жүрген  Ерік Жанұзақов пен академияда оқып жүрген төрт қазақстандық футболшы «KAZsport» телеарнасының тілшілері Ермұхамед Мәулен мен Павел Цыбулинге күнделікті оқу-жаттығулары қалай өтетіні туралы баяндады.

«Әлем чемпионаты кезінде Қазақстанның Бразилиядағы елшісімен кездесіп, Рибейран-Претудағы  жергілікті «Ботафого» клубының футбол академиясында оқып жүргендерін білдік. Олардың Бразилия еліндегі өмірімен танысу үшін келіп, жас футболшыларымыз туралы арнайы түсірілім жасадық», - деді Павел Цыбулин «Ботафого» клубының телеарнасына берген сұхбатында.

Материал www.botafogoacademy.com және www.botafogosp.com.br сайтында жарияланды.

Біздің анықтама:

«Ботафого» футбол клубының негізі 1904 жылы 12 тамыз күні қаланды. Команданың түстері – ақ пен қара. 1942 жылға дейін 8 рет өз штатының чемпионы болған.

Осыған қоса Бразилия біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы. Рио-де-Жанейро штатының чемпионатын 20 рет ұтып алған.

«Ботафого» командасының атақты ойыншылары Гарринча, Нилтон Сантос, Диди, Кварентинья, Амарилдо, Пауло Валентим мен Загалло 1958 және 1962 жылдардағы Әлем чемпионатын ұтып алған құраманың негізі болған.

Барлық бразилиялық команданың ішінен «Ботафого» ойыншылары ұлттық құрама сапына ең көп шақырту алған. 

Басқа бразилиялық командаларға қарағанда, «Ботафого» құрылғаннан бері оның эмблемасына ешқандай қосымша жұлдыздар белгіленбейді. Себебі клубтың атауы «Жалғыз жұлдыз».

 

Хабарламаларға жазылу