ҚР Ұлттық музейі: Ботай қонысына зерттеу жұмыстары жүргізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Ұлттық музейі: Ботай қонысына зерттеу жұмыстары жүргізілмек

31.07.2014
ҚР Ұлттық музейі: Ботай қонысына зерттеу жұмыстары жүргізілмек

 

 

2014 жылдың 1 тамызында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкерлері музейдің ғылыми жұмыстар бойынша директор орынбасары Олжас Шарнияздановтың жетекшілігімен Солтүстік Қазақстан облысына энеолит дәуірінің бірегей ескерткіші - Ботай қонысына зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін археологиялық экспедицияға шығады. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлады.

Ұлттық музей осы экспедиция арқылы дербес ғылыми мекеме ретінде алғашқы дала жұмысына кірісіп, ғылыми-зерттеу қызметін бастайды.

Экспедицияның мақсаты - Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін орны ерекше ескерткішті зерттеп қана қоймай, сонымен қатар ғылыми қызметкерлердің әлеуетін кешенді және жан-жақты дамыту және Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық археологиясының әртүрлі бағыттары бойынша ғылыми тақырыптар бекіту.

Ботай археологиялық ескерткіші 1980 жылы ашылды. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында орналасқан. Қоныстың аумағы - 15 гектар.

Осыдан 30 жыл бұрын қазақстандық археолог, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт ежелгі әлемнің дамуы туралы көптеген түсінікті өзгерткен Ботай энеолит қонысын  ашты.

Еуропалық ғалымдар дәл осы жерде жылқының қолға үйретілгенін дәлелдеді. 

Хабарламаларға жазылу