Елордада «Астана bike» жобасы аясында 200 қоғамдық велосипед пайдалануға берiлдi - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Астана bike» жобасы аясында 200 қоғамдық велосипед пайдалануға берiлдi

07.07.2014
Елордада «Астана bike» жобасы аясында 200 қоғамдық велосипед пайдалануға берiлдi

 

 

Астанада велошейринг жүйесi бойынша қоғамдық велосипедтер станциялары орнатылды. Ендi елордалықтар сол жағалауда орыналасқан 40 пункттiң бiрiнен велосипедті жалға алып, сол жағалаудағы кез келген ауданға қатынай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Мұндай бағдарламалар еуропалық және солтүстік америкалық елдерде баяғыда-ақ енгiзiлген. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қолға алып отырған жоба «Астана bike» деп аталады. 

 

Тарифтерге келетiн болсақ, алғашқы 30 минутты тегiн тебуге болады. 1 сағат - 100 теңге, 2 сағат - 250 теңге, 3 сағат - 500 теңге, 4 және одан кейiнгi әрбiр сағат - 1000 теңгеден түседi. 

 

«Астана bike» негiзiнен велосипедтi көңiл көтеру емес, жету құралы ретiнде пайдаланатын жұрт үшiн аса ыңғайлы болмақ. Жобаның бүгiнгi таныстырылымы барысында «Самұрық-Қазына» компаниясының өкiлдерi де осы мәселеге көп мән бердi. Себебi бұл бастама әлеуметтiк сипатқа ие. 

 

Ең бастысы, тұрақты пайдаланушыларға арналған картаны сатып алу керек. Оның құны 6500 теңге тұрады. Соның 5000 теңгесi сәуiр мен қарашаға дейiн жалғасатын бiр веломаусымның абоненттiк төлемi ретiнде алынса, 500 теңге пайдаланушының теңгерiмiн толтыруға жұмсалады.

 

Болашақта жоба авторлары картадағы теңгерiмдi терминалдар арқылы салуға болады деп отыр. Карта әрбiр адамның атына жазылады, егер көлiк 24 сағаттың iшiнде қайтарылмаса, ол ұрланды деп есептеледi және велосипедтiң рөлi таймердiң көмегiмен автоматты түрде бұғауланады.

 

Сонымен қатар, онда арнайы GPS қондырғы орнатылған, сондықтан оның қайда тұрғанын анықтау қиынға соқпайды. Егер велосипедтi жоғалтып немесе сындырып алсаңыз, 100 мың теңге өтеуге тура келмек. 

 

Әзiрге велосипедтi жалға алуға болатын 40 станция қаланың сол жағалауына ғана орнатылып отыр. Қолданысқа 200 велокөлiк берiлдi.

 

Келесi кезеңде тағы 100 тұрақ ашылады және қосымша 1000 велосипед пайдалануға берiлмек. Бұл өз кезегiнде оң жағалауды да қамтуға мүмкiндiк бередi. Велостанциялар күн батареясынан қуат алады.

 

Айта кетейiк, велосипед Францияда жасалған. Оның бөлшектерi вандалдарға қарсы құрастырылған.

 

Егер оны кеңсеңiздiң жанына уақытша қалдырып кеткiңiз келсе, рөлде арнайы сымқұлып бар.  

 

2015 жылы бұл жоба толықтай сол жағалау мен оң жағалаудың бiрқатар бөлiгiн қамтиды деп жоспарлануда. Ал 2016-2017 жылдары EXPO-2017 халықаралық көрмесiнiң аумағында енгiзiледi, деп күтiлуде. 

Хабарламаларға жазылу