«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Астана қаласы күнін жаңартылған дизайнмен қарсы алады. Телеарнаның логотипі ғана емес ұраны да өзгереді. Бұл туралы бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова мәлімдеді.
«Біз жалпыұлттық телеарна стратегиясын дамытуды одан әрі жалғастырудамыз. «Қазақстанның» ішкі мазмұны ғана емес, сыртқы бет-бейнесі де жаңартылуда. Сол себепті де, жаңа логотип - жаңарудың нышаны.
Біз көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй, жарқын сезім тарту етіп, жағымды адамзат құндылықтары жайында әңгімелейміз. Телеарнадағы жұмыс дәл осы бағытта атқарылып жатыр және дәл осы айтылғандардың барлығы «Қазақстанның» жаңа безендірулерінен көрініс табады», - деді Н.Мұхамеджанова.
Қозғалыс пен амбициялық мақсаттарды қамтып, бейнелейтін телеарнаның «Менің Қазақстаным» атты ұранын өз бойына дарытқан жаңа логотип, бағдарламааралық роликтер мен заставкалар 30 маусым күні эфирге шыға бастайды.
«Қазақстан» телеарнасының осыған дейінгі логотипі 8 жыл бойы қызмет етіп, біраз өзгерістерге ұшырады. Телевизия өзгерістер көп болатын саланың бірі ретінде әркез дамуды талап етеді, сол себепті «Қазақстанның» жаңа визуалды стилін жетілдіру туралы шешім қабылданды. Ол тек қана жалпыұлттық телеарнаның концепциясын бейнелеп қоймай, телевизиялық дизайн мен стильдің осы заманғы талаптарына сәйкес болуы ескерілді.
Жаңа логотип қысқа да ықшам стильде, мемлекеттік ту мен күн шеңберінде бейнеленген. Телеарнаның жаңа логотипіндегі көгілдір түс болашақтың жарқын екенін көрсетіп, ертеңгі күнге деген зор сенім мен үміт отын ұялатады. Сары түс ел мен халықтың күш-қуаты мен мәңгілік елдің символын меңзейтін таңсәрідегі жарқын күн сәулесі іспеттес.
Жаңа дизайнды жетілдіру кезінде британдық «Bruce Dunlop & Associates» креатив агенттігінің тәжірибесі пайдаланылды.