М.Әуезов театры журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

М.Әуезов театры журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады

27.06.2014
М.Әуезов театры журналистерді кәсіби мерекемен құттықтады
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ұжымы баспасөз күніне орай БАҚ өкілдерін кәсіби төл мерекесімен  арнайы құттықтап, театр актерлері дайындаған концерттік бағдарлама ұсынды. Бұл шараға газет-журнал, радио-телеарна және порталдарда жұмыс істейтін  50-ге жуық журналист қатысты, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
 
Театр директоры Еркін Жуасбек журналистерді мерекемен құттықтай келе: «Өткен жылы, театрдың 88-ші маусымы ашылар тұста «Баспасөз қызметі» бөлімі құрылып, БАҚ арқылы театр жұмысын, актерлердің шығармашылық әлемін, өмір жолын, ой-өрнегін халыққа кеңірек нәсихаттау жүктелген.
 
Сол үдеге сай театрдың жаңа сайты іске қосылды. Телеарна, радио, газет-журналдарда актерлердің сүбелі сұхбаттары, олар туралы мақалалар, ғұмырнамалық эсселер, қойылымдардың тініне үңілген сараптамалық талдаулар, жолсапарлар, театр тарихы туралы зерттеулер, шағын пікірлер топтамалары жарық көрді.
 
Бұған театрдың «Баспасөз қызметінің» сіңірген еңбегі зор. Театр – көпшіліктің ортақ қазынасы. Рухани байлықтың қарашаңырағы журналистерге әрқашан оң көзбен қарайды. «Елдің көзі, құлағы» болған басылымдарды бақылап, оқып отырамыз. Мерекелеріңіз құтты болсын! Қаламдарыңыз жүйрік, ойларыңыз өткір бола берсін!»,-деді.
 
«Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай,  «Айқын» газетінің шығарушы редакторы Есей Жеңісұлы, «Жұлдыздар отбасы» «Аңыз адам» журналдарының Бас редакторы Жарылқап Қалыбай,  «Түркістан» газеті Бас редакторының орынбасары Жаңабек Шағатай сөз алып, театр ұжымына алғыс білдірді.
 
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

Хабарламаларға жазылу