Бүгін Астанада жаңа мешіт ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Астанада жаңа мешіт ашылады

27.06.2014
Бүгін Астанада жаңа мешіт ашылады
Рамазан айы қарсаңында Астанада жаңа мешіт ашылады. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Өтпенов мәлім етті.
 
«Осы Рамазан айының қарсаңында, Иншалла, елордада тағы бір Алланың үйі ашылғалы отыр. Алла қаласа, Астанада жаңадан тұрғызылған Алланың үйі, мешітіміз 27 маусым күні халыққа есігін ашпақ. Алла тағала мешіттің ашылуын құтты етсін, жамағатпен безендірсін, халқыма бірлік берсін», - деп атап өтті ол.
 
Мешіт қаланың шетінде, әуежайға барар жолда Қабанбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан. Аталған мешіт 1 мыңға тарта жамағатты сыйдырады.
 
«Онда ер кісілерге жеке және әйел кісілерге жеке намаз оқитын залдары бар. Мешітке атау беру жөніндегі мәселе қарастырылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзі бекітіп, елдің ұсынысына сай ат береді. Оның ашылуына Қазақстанның Бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы келіп, ресми түрде тұсауын кеседі. Қазіргі уақытта Астанада 7 мешіт бар. Алла жазса, тағы біреуі қатарымызға қосылады», - деді Н.Өтпенов.
 

Еске сала кетейік, бiр айға жалғасатын ұлық мереке - Рамазан айы биыл 28 маусымда басталады. 27 маусым күнi елордадағы барлық мешiттерде Тарауық намазы оқылады.

Хабарламаларға жазылу