ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтуде

25.06.2014
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтуде
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының I съезі өтуде. Алғашқы жиында бизнес-қауымдастық өкілдері алдағы уақытта көздеген айқын мақсаттары мен зор міндеттерді айқындап алмақ. Съезге ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен ҚР ҰКП Төралқа Төрағасының Тимур Құлыбаев қатысуда.
 
Алмат Әбдіраман, тілші:
Бүгін Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан ҰКП жоғары органының алғашқы съезіне өңірлік кеңес және палата өкілдері, салалық қауымдастықтар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың және бизнес өкілдері жиналды.
 
ҚР ҰКП Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің дамуы үшін Үкімет пен бизнес арасында сенімді әріптес болуға бар күш жігерлерін жұмсауда. 
 
Ал, биылғы жылдың ақпан айынан бері кәсіпкерлікке байланысты заңнамаларға түзету енгізу туралы 410 ұсыныс беріліп, оның 239-ы мақұлданды. Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бері атқарылған жұмыстар туралы баяндаған ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты.
 
Сондай-ақ, қазір бизнес-қауымдастықта бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Басқарма төрағасының сөзіне сүйенсек, ҰКП-на келген кәсіпкерлердің құқықтарына байланысты 595 өтініштің 372-і қаралып, нақты көмек көрсетілсе, тағы да бірқатар кедергілер жойылған.
 
Бұдан бөлек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының елде бизнес-омбудсмен қызметін дамыту жөніндегі бастамасы қолдау тауып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бизнес-омбудсмен институтын енгізу туралы заң жобасы әзірленуде.
 
Дәл қазір менің жанымда тұрған Съез делегаттарының бірі, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Алия Байжанқызы Бекқожиевамен тілдесіп, жиын барысы туралы ойын білсек, дейміз.
 
Әлия Бекқожиева, Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы:
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі міндеті - кәсіпкерге көмек беру арқылы елдегі кәсіпкерлікті сапалы дамыту. Бүгінгі съезде төраға айтып кетті, талай жұмыс атқарылды. Былтыр қыркүйек айынан бастап құрылған палата бүгін жұмысын ары қарай жалғастыру үшін бұл съезде президиум қайта сайланды. Аз ғана уақыт ішінде талай жұмыс атқарылды. Кәсіпкерлерді қорғау комитеті құрылды. Бүгінде палата алдына 5 міндет қойып отыр. Сол бес міндеттің бірі - адами капитал. Біз сырттан маман іздемей, оқу орындары арқылы маман даярлап, елдегі кәсіпкерлікті неғұрлым сапалы дамытуымыз керек.
 
Алмат ӘБДІРАМАН

 

 

Хабарламаларға жазылу