Журналистер одағы сыйлығының лауреаттары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналистер одағы сыйлығының лауреаттары анықталды

24.06.2014
Журналистер одағы сыйлығының лауреаттары анықталды
Қазақстан Журналистер одағының басқармасы БАҚ өкілдері арасында жарияланған  республикалық шығармашылық конкурстың қорытындысын шығарды, деп жазады «Егемен Қазақстан» республикалық газеті.
Биылғы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының  лауреаты атағы БАҚ қызметкерлеріне төмендегі номинациялар бойынша берілді:
 
1. Репортерлік жұмыс - Амалбеков Бақбергенге, «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі; Кондратова Александраға, Солтүстік Қазақстан облыстық «Неделья СК» газетінің репортері - өңірдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды жедел көрсеткені үшін.
2. Экономикалық шолу - Горбунов Сергейге «Казахстанская правда» газетінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі; Мұсабеков Ерсінге, Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары - Қазақстан өңірлерінің экономикалық даму туралы талдау материалдары үшін.
3. Саяси шолу - Жүнісова Жұмабикеге, «Дат-Общественная позиция» және «Новая газета - Казахстан» республикалық газеттерінің шолушысы - Қазақстандағы азаматтық қоғамның даму жолдары туралы талдамалық шолулары үшін.
4. Журналистік зерттеу - Ассанж Джулианға, австралиялық журналист-блогер - «WikiLeaks» сайтын құрғаны үшін.
5. Ізденіс материалы - Қайырханов Сабырға, Атыраудың «Ақжайық» газетінің бас редакторы - Семей ядролық полигоны жабылуының 25 жылдығына арналған материалдар сериясы үшін.
6. Телевизиялық жұмыс - Төлепберген Динаға, Шахматов Алексейге, «Коммерциялық телевизиялық арнаның» тележүргізушілері - «Астарлы ақиқат» және «Другая правда» телевизиялық бағдарламаларын ұйымдастырғаны үшін, ПИК телестудиясының ұжымына (жетекшісі Жәнібек Сүлеев) - «Бізге өзгеруге көмектесетін дәрігер-адам» деректі фильмі үшін.
7. Зерттеу жұмысы - Жаппасұлы Еркінге, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары; Тәжиева Гүлнарға, «Айқын» республикалық газетінің бөлім редакторы - еліміздің белгілі мәдениет және әдебиет қайраткерлерінің шығармашылығы туралы очерктер дайындағаны үшін.
8. Ғылыми-көпшілік жұмыс - Әлімханова Мәдинаға, КазТАГ халықаралық ақпарат агенттігінің шолушысы - «Шпаргалка для начинаюших журналистов» оқу құралын жасағаны үшін.
9. Медиа-жоба - «Вечерний Талдыкорган» газетінің ұжымына - Жетісудың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын көрсетудегі шығармашылық ізденістері үшін.
10. Фотожұмыс - Қобланбаев Серікжанға, фоторепортер - газет және журнал беттерінде қазақстандықтардың көркем образын жасағаны үшін.
Қазақстан журналистика академиясы «Алтын жұлдыз» жалпыұлттық сыйлығымен «Қазақ энциклопедиясының» бас директоры, профессор
Бауыржан Жақыпты марапаттады.
 
Қазақстан Журналистер одағы мен «Казинпресс» қауымдастығы Амангелді Ахметәлімовтің атындағы сыйлықпен Қазақстанның ақпараттық қызметін дамытуға қосқан  үлесі үшін қоғам қайраткері Әміржан Қосановты марапаттады.
 
Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газеті Рақымбай Ханалы атындағы сыйлықпен фотожурналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің фототілшісі Шерім Мұхтарды марапаттады.
 
Жас телепублицистерге арналған Бейбіт Құсанбек атындағы сыйлықпен «Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі Маржан Көкішева марапатталды.

Хабарламаларға жазылу