«Мәңгілік ел - ұлт мұраты» атты жыр мүшәйрасы мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мәңгілік ел - ұлт мұраты» атты жыр мүшәйрасы мәресіне жетті

14.06.2014
«Мәңгілік ел - ұлт мұраты» атты жыр мүшәйрасы мәресіне жетті
Елордада қала әкімдігінің  Астана күніне орай өткізген дәстүрлі республикалық жыр мүшәйрасы  мәресіне жетті. Шара осымен төртінші рет өткізіліп отыр.
 
«Мәңгілік ел - ұлт мұраты» айдарымен жарияланған жыр бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасынан, Моңғолиядан 60-тан астам ақынның шығармалары келіп түсті.
 
Бас жүлде - темір тұлпарды семейлік жас ақын Арман Шеризатов иеленді. Бірінші орынды (1 миллион 500 мың теңге) алматылық талант  Ақсүйрік Ізмұқанова қанжығасына байлады. Екі екінші орынды (800 мың теңгеден) қарағандылық қос ақын - Абзал Бөкен мен Ілияс Мұқаев иеленді.
 
Үшінші орынға тігілген үш жүлдені (400 мың теңгеден) Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Шешенстанның Халық батыры, алматылық Рафаэль Ниязбеков, жезқазғандық Кенжебай Ахметов және астаналық ақын Талғат Ешенұлы өзара бөлісті.
 
Бес ынталандыру сыйлығын (150 мың теңгеден) моңғолиялық қарт ақын Шынай Рахметұлы, алматылық Батық Мәжитұлы, Қытай Халық Республикасының азаматы Серік Түсіпханұлы, ақтөбелік Балтабек Нұрғалиев, аягөздік жас талапкер Біржан Ахмер қатарлы ақындар еншіледі.
 
Сондай-ақ, Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Астана қалалық Тіл басқармасының бастығы Ербол Тілешов, Астанадағы «Фолиант» баспасының директоры Нұрлан Исабеков тағайындаған үш арнайы сыйлық (100 мың теңгеден) астаналық Бақытжан Тобаяқовқа, шымкенттік Жарылқасын Боранбаевқа, ақтөбелік Гүлжайнар Қалдинаға бұйырды.
 
Жүлде алған және мүшәйра қоржынына келіп түскен шығармалардың таңдаулылары жыл аяғына дейін жеке кітап болып басылады.
 
Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында 1 шілде күні, сағат 18.00-де өнер жұлдыздарының қатысуымен өтеді.

Хабарламаларға жазылу