Алғашқы №79/80 жолаушылар пойызы мамырдың үшіне қараған түнде аттанып, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығына мамырдың 3-де жетті. Құрам Қарағанды,Сарышаған, Шу, Жамбыл станцияларына аялдайды, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Астанадан Шымкентке дейінгі жол 15 сағат 35 минутты, қайтар жол 16 сағатты құрайды. Мәселен, Орынбор-Ташкент пойызының өзі бұл бағдарды 23 сағатта басып өтеді.
«Бұрын Астанадан Шымкентке тура қатынайтын пойыз болған емес. Біздің ойымызша, бұл пойызға жолаушылардың сұранысы арта түседі. Әсіресе, жазғы маусым қарсаңында көбеймек»,- дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы – «Экспресс» директоры Шамил Қожабеков.
Пойыз 22 вагоннан тұрады, оның 3-еуі -«Бизнес», 3 -«Гранд», 12 -«Турист», 1 - вагон мейрамхана, 1- вагон-бар мен 2- техникалық вагон.
Астана-Шымкент пойызы күнара жүреді. Астанадан жұп күндері, Шымкенттен тақ күндері шығады.
|