Қарағанды облысында туризм дамымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында туризм дамымай отыр

27.05.2014
Қарағанды облысында туризм дамымай отыр
Қарағанды облысында туристік сала маусымдық әрі шектеулі болғандықтан, аса дамымай отыр.Туризм түрлерінің ішінде – ішкі туризм біртіндеп дамуда. Оның үлесі бүгінде 90 пайыз құрап отыр. Бірақ облыс сырттан келуші туристер бар-жоғы 7,4 пайыз.
 
Бұл туралы 26 мамыр күні облыс әкімі Бауыржан Әбдішев өткізген кеңесте айтылды. Жиында сондай-ақ, аймақтың белсенді, экологиялық, спорттық, мәдени-танымдық туризмді дамытуға әлеуеті зор екендігі сөз болды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Туризмді дамытуға әлеуеті зор аймақтар Қарағанды қаласы, Қарқаралы, Ұлытау, Ақтоғай аудандары және Балқаш көлі жағалауы. Аталған өңірлерде туризмді дамыту үшін бірқатар жобалар қолға алынған. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында Қарағанды қаласында «Метелица» және «Ақсамал» мейманхана кешендерін салу жоспарланып отыр.

Ал 2015-2017 жылдары Қарқаралы ауданындағы Ұлттық саябақ аумағында бірнеше туризм нысандары бой көтермек. Мысалы, «Ривьера», «Қарқаралы Кемпинг» демалыс орындарын, «Қарқаралы» демалыс үйін салу жоспарланған.

Балқаш қаласының туризмін дамыту мақсатында туристік индустриялдық тұжырымдама жасалмақ. Қазірдің өзінде «Самал» демалыс аймағының, «Нұр-Бақыт» сауықтыру кешенінің және «Жемчужина» мейманхана кешенінің құрылысы басталды.

Приозерскідегі Балқаш көлі жағалауында «Гранд Құрылыс» ЖШС-нің сауықтыру аймағын құру жобасы, «Гранит» мейманхана кешенін қайта құру қолға алынды.

Сондай-ақ, Теміртау қаласында, Шет, Абай аудандарында да туризмді дамыту үшін бірқатар жобалар іске асырылмақ.
 

Хабарламаларға жазылу