Астана: Балаларға арналған лагерьлер 2 маусымнан бастап жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана: Балаларға арналған лагерьлер 2 маусымнан бастап жұмыс істейді

24.05.2014
Астана: Балаларға арналған лагерьлер 2 маусымнан бастап жұмыс істейді
 
Жыл сайын жаз шыққанда мектептердің жанынан балаларға арналған лагерьлер ашылады. Биылғылагерьлер 2 маусым мен 11 шілде аралығында 68 мектептің  30 мыңға жуық бастапқы сынып оқушысын қамтымақ. Бұл туралы Астана қаласының Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, аstana.kz хабарлады.
 
Сонымен қатар, 5-7 сынып оқушылары мектептердің жанын құрылған «Дидарлы жаз» спорттық ойын-сауық алаңдарына, ал 8-10 сынып оқушылары «Айбынды маусым» әскери-спорт алаңдарына барады.
 
Жазда қалалық білім мекемелерінде мектеп аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру бойынша бригадар құрылады. Қызығушылықтар бойынша үйірмелер ашылады. Сондай-ақ,  республикалық және халықаралық олимпиадалар, шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады.
 
Маусымның бірінен бастап, 1650 балаға арналған «Арман» лагері және 380 балаға арналған «Батыр» лагері өз жұмысын бастайды. Аталған демалыс орындарына тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар қабылданады.
 
Демалыс бағдарламасына экскурсиялар, дене шынықтыру, оңалту шаралары, табиғатты қорғау, экологиялық жұмыстар, демалыс және ойын-сауықтар кіреді. 
 
Жазғы демалыс кезінде Оқушылар сарайы жанынан ашылған «Жазғы демалыс академиясы» мен «Жазғы шығармашылық мектебі» жұмыс істейді. Онда демалу, сауықтыру және шығармашылық қабілеттіліктерді жүзеге асыруға қолайлы жағдайлар жасалады. Мекеме жаз бойы түрлі фестивальдер, байқаулар мен спорттық шаралар ұйымдастырады.
 
Балалардың демалысын ұйымдастырумен айналысатын ұйымдардың жұмыс сапасын білу және арыздар мен өтініштер беру үшін 32-49-67, 55-68-71, 55-69-61 телефондары бойынша хабарласуға болады.
 
 

 

Хабарламаларға жазылу