Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайдағы АӨСШК саммитте сөз сөйлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайдағы АӨСШК саммитте сөз сөйлейді

15.05.2014
Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайдағы АӨСШК саммитте сөз сөйлейді
 
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) саммитінде сөз сөйлеп, бірқатар келіссөздер жүргізеді. Бұл туралы Бейжіңде баспасөз мәслихаты барысында ҚХР СІМ басшысының орынбасары Чэн Гопин мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.
 
«Қытай басшысының 2013 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарынан кейін, Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің бұл осы жылдағы үшінші рет кездесуі болмақ. Осыған дейін олар Сочи мен Гаагада халықаралық шаралар барысында кездесті. Бұл кездесулердің Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын нығайтуда маңызы зор», - деді Қытайдың сыртқы істер министрінің орынбасары Чэн Гопин.
 
Мемлекет басшысының 21 мамырда Шанхайдағы АӨСШК 4-ші саммитінің ашылуында сөйлеген сөзі Қытайдың Орталық телеарнасы - CCTV арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.
 
АӨСШК 4-ші саммитіне 46 мемлекет пен халықаралық ұйымдардан өкілдер, оның ішінде 11 мемлекет басшысы мен 2 үкімет басшысы, сонымен бірге, халықаралық ұйымдардың 10 жетекшісі қатысады деп күтілуде.
 
Шанхайға саммитке қатысу үшін Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Моңғолия, Шри-Ланка президенттері және Камбоджа мен Ирак премьер-министрлері келеді.
 
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин АӨСШК 4-ші саммитін ашып, құттықтау сөз сөйлейді. Саммит барысында Қытай Түркиядан АӨСШК-ке  2014-2016 жылдарға төрағалық етуді қабылдайды.
 
Сонымен бірге, мемлекеттік сапары барысында Мемлекет басшысы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездеседі. «Екі елдің көшбасшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелері, сонымен бірге, кейбір халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасады», - деп хабарлады қытайлық дипломат.
 
Сапар барысында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша декларацияға қол қойылады. Мемлекет басшыларының қатысуымен энергетика және шикізаттық емес салаға қатысты ынтымақтастық жөніндегі бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.
 
Еске сала кетейік, Қазақстан Президенті мамырдың 19-21 аралығында мемлекеттік сапармен Қытайға барады және АӨСШК 4-ші саммитіне қатысады.
 
 
 

Хабарламаларға жазылу