Бүгін – Ғафиз Есімовтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Ғафиз Есімовтің туған күні

09.05.2014
Бүгін – Ғафиз Есімовтің туған күні
Лирикалық баритон әнші,  Қазақстанның Халық әртісі Ғафиз Есімов 1947 жылы 9 мамырда Атырау облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының вокал-хор факультетін бітірген. 1975 жылдан Абай атындағы қазақтың мемлекеттік опера және балет театрының солисі.
 
Негізгі партиялары: Абай (А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абайында»), Думан (Е.Брусиловскийдің «Дударайында»), Алпамыс (Е.Рахмадиевтің «Алпамысында»), Құрманғазы (А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазысында»), Онегин (П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегинінде»), Жермон (Дж.Вердидің «Травиатасында»), Дон Жуан (В.Моцарттың «Дон Жуанында»), т.б.
 
Концерттік шығармашылық қызметімен де қазақтың халық әндерін, халық композиторларының әндерін, сондай-ақ қазіргі қазақ композиторларының ән-романстарын насихаттауға елеулі үлес қосты.   
 
Ғафиз Есімов жаңа ғасырда режиссерлікке ауысып, қоюшы-режиссер ретінде Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операсын, сосын Брусиловскийдің «Қыз Жібек» спектаклін қайтадан жаңғыртып қойған.
 
Өнер майталманы режиссерлікке ауысуының себебі туралы: «Бізде, әншілер, әсіресе опера әншілерінің арасында мынадай түсінік бар: «Карениннің жасында Онегинді ойнама» деген. Менің кредом осы. Еңкейген шал болып, 17 жастағы баланы қалай ойнайсың? Сахнадан уақытында кету керек, дауысың бар кезде, дауысың сайрап тұрған кезде, әдемі дауыспен кетсең – ол әрине, құрмет», - дейді.
 
Ғафиз Есімов шығармашылығы орындаудың жоғары мәнерімен, руханилығымен, нәзік лиризмімен, ашық әуенділігі, артистік темпераментімен ерекшеленеді.
 

Хабарламаларға жазылу