Н. Назарбаев: Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да берік қорғалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н. Назарбаев: Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да берік қорғалған

07.05.2014
Н. Назарбаев: Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да берік қорғалған

Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да берік қорғалған. Қазақстан армиясы - бес қаруы сай армия. Мемлекет басшысы - Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтіп жатқанәскери парад кезінде осылай деді.

«Құрметті Отан қорғаушылар, офицерлер мен сарбаздар, 22 жыл бұрын дәл осы күні мен Қазақстанның Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Содан бері бұл күн Қазақ армиясының күні болып тойланып келеді.

Ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа дәуірлерге жалғасқан даңқ жолын мирас етті. Қарулы күштеріміз еліміздің айбынын асырады. Еліміздің шебі бүтін, шекарасы берік болуын қадағалайды. Қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да берік қорғалған. Бес қаруы сай армия. Әскери доктринамыз бейбітшілік жағдайындағы қорғанысқа лайықталған.

Дегенмен, әр мемлекет елінің тұтастығын жан аямай қорғай білу керек. Армиямыз әрқашан сақ, дайын болуы керек.

Екі күннен кейін Ұлы Жеңіс күнін атап өтеміз. Бұл соғысқа 1 миллион 800 мың отандасымыз аттанды. Олардың жартысынан астамы майдан даласынан оралған жоқ. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес одағының Батыры атанды. Бұл азаматтардың барлығының аты аңызға айналды. Батыр бабалардың ерлік жолын бейбіт заманның сарбаздары жалғасын!» деді Елбасы.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Отан қорғаушылар күніне арналған әскери парад өтуде. Шараға 250-ден астам әскери техника мен 70-тен астам әуе кемесі қатыстырылуда. 2000-ға жуық сарбаз сап түзеді.

 

Хабарламаларға жазылу