Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысының» финалына төртінші рет қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысының» финалына төртінші рет қатысады

30.04.2014
Бейбіт Ыстыбаев «Қазақстан Барысының» финалына төртінші рет қатысады
«Қазақстан Барысы» турнирінің төртінші маусымына іріктеу жалғасуда. Бүгінге дейін финалға жолдама алған Қызылорда және Павлодар облысы палуандарының есімі анықталған болатын. Енді Жамбыл облысы мен Астана қаласында топ жарған палуандардың есімі белгілі болды.
 
Жамбыл облысындағы іріктеу турнирі палуандарға оңай болған жоқ. Себебі, іріктеу сынына«Қазақстан Барысы» турнирінің 2012 жылғы жеңімпазы, «Eurasia Barysy» халықаралық турнирінің чемпионы Бейбіт Ыстыбаев қатысты. Еліміздегі ең беделді палуан бұл жолы да топтан қара үзіп шықты. Жамбыл облысындағы іріктеу сынының финалында ол талантты палуан Дәулетхан Жақыповтан басым түсті. Ал былтырғы
«Қазақстан Барысы» додасының финалына шыққан Айдос Теңгебаев үшінші орын алды.
 
«Іріктеу сыны расында оңай болған жоқ. Себебі, елімізде қазақ күресі қанат жайып келеді. Талантты балуандар жетерлік. Бәсекелестік бар. Алла қолдап, жеңіске жеттім», - Бейбіт Ыстыбаев.
 
Осылайша, «Сарыарқа» велотрегінде өтетін финалдық сында Жамбыл облысы Бейбіт Ыстыбаев пен Дәулетхан Жақыповқа үміт артады.
 
Айта кетейік, Дәулетхан былтыр да ақтық айқасқа жолдама алған. Бірақ, дзюдодан ұлттық құрама сапында Бүкіләлемдік Қазан Универсиадасына дайындалу үшін финалдан бас тартқан еді.
 
Астана қаласы да финалға қатысатын үздіктерін анықтады. Елордадағы тартысты айқаста «Малайсары» деген бүркеншік есіммен танымал Арман Әбеуов қарсылас шыдатпады. Арман былтырғы маусымнан сырт қалған болатын. Ал Астана намысын қорғайтын екінші балуанның есімі – Нұрғали Байтарақов. Нұрғали «Қазақстан Барысы» додасының финалына тұңғыш рет қатысқалы отыр.
 
Финалға жолдама алған палуандар туралы қысқаша ақпарат:
 
Астана қаласы:
 
Арман Әбеуов
Бойы: 190 см
Салмағы: 120 келі
Туған жылы: 1982 жыл
Туған жері: Қарағанды облысы, Қаражал қаласы
Спорттық атағы: халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Бапкері: Сәден Шынтас
 
Нұрғали Байтарақов
Бойы: 184 см
Салмағы: 90 келі
Туған жылы: 1993 жыл
Туған жері: Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы
Спорттық атағы: еркін күрестен спорт шебері
Бапкерлері: А.Әбдірашев, Х. Қожахмет
 
Жамбыл облысы:
 
Бейбіт Ыстыбаев
Бойы: 193 см
Салмағы: 135 келі
Туған жылы: 1985 жыл
Туған жері: Жамбыл облысы, Талас ауданы, Көшек батыр ауылы
Спорттық атағы: қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Бапкері: Елдос Далабай
 
Дәулетхан Жақыпов
Салмағы: 82 келі
Туған жылы: 1992 жыл
Туған жері: Жамбыл облысы, Талас ауданы
Спорттық атағы: дзюдодан спорт шебері
 
Дереккөз: «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қорының баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу