Астанада Жамбыл облысының мәдениет күндері өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Жамбыл облысының мәдениет күндері өтуде

22.04.2014
Астанада Жамбыл облысының мәдениет күндері өтуде
Елордада Жамбыл облысының мәдениет күндері өтуде. Жамбыл облысының Астанадағы мәдениет күндері Қазақстанның аймақтарының театрлар, музейлер, жеке орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарының мәдени шараларының 2014 жылға арналған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес өтуде.
 
Жамбыл облысының мәдениет күндері шеңберінде елордада бірқатар мәдени іс шаралар ұйымдастырылады. Кеше Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында Жамбыл облыстық қазақ драма театры ұсынған Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» спектаклі көрсетілді.
 
Сонымен қатар, мәдениет күндері аясында М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында И.Вовнянконың «Тұран кентаврлары» спектаклі көпшілік назарына ұсынылады. Жамбыл облыстық орыс драма театры спектаклінің желісінде ерте замандағы сақ тайпасының патшайымы Томирис пен Кир патшаның арасындағы соғыс туралы айтылады.
 
Жамбыл облысының Астанадағы мәдениет күндері 22 сәуірде сағат 19.00 Бейбітшілік және келісім сарайында облыстық филармонияның «Тараз ғасырлар куәсі» атты гала-концертімен аяқталады.
 
Концертте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, Жамбыл облыстық филармониясының директоры Сәуле Жанпейісова, «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Ақкербез» бишілер ансамблі, «Сымбат» балдық би тобы, «Тараз» триосы, «Жамбыл-Star» триосы, Жандос Омаров, Ғани Мәтебаев, Маралбек Бабақұлов, Мадина Сағынбекова, Динара Диханбева және т.б. өнер көрсетеді.
 
Сонымен қатар, Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейінің көрмесі ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana.kz.

Хабарламаларға жазылу