Қазақстандық теннисші Зарина Диас WTA рейтингінде алғаш рет 85-ші орынға көтерілді. Ол Малайзияда өткен турнирде ширек финалға жеткеннен кейін, тізімде 8 сатыға жоғарылады. Айта кетейік, Зарина Диас Малайзиядағы жарыста әлемнің 10-шы ракеткасы, словакиялық Доминика Цибулковаға 6:4, 2:6, 4:6 есебімен жол берген еді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Ярослава Шведова рейтингтегі орнын сақтап қалды. Ол 55-ші орында. Ал Галина Воскобоева екі саты төмен сырғып, 65-ші орыннан 67-ші орынға жайғасты. Юлия Путинцева 159-шы орыннан 151-ші орынға көтерілді. Ал Сесиль Каратанчева 179-шы орында.
Алғашқы ондықта ешқандай өзгеріс болған жоқ. Топ басында – америкалық теннисші Серена Уильямс. Екінші және үшінші сатыда қытайлық Ли На мен польшалық Агнешка Радванска.
Естеріңізге сала кетейік, Зарина Диас сұхбатында бұл маусым қорытындысы бойынша үздік отыздыққа енуді мақсат етіп отырғанын айтқан болатын.