Бүгін – Тұманбай Молдағалиевтың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Тұманбай Молдағалиевтың туған күні

20.03.2014
Бүгін – Тұманбай Молдағалиевтың туған күні

Тұманбай Молдағалиев — сыршыл лиризмді дамытқан ақын. Қалың қазағы «Тұмаш аға» деп кеткен ақын өмірін өлеңмен өрнектеген жан.

 
Бүгін – қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан атақты ақын (1935-2011) Тұманбай Молдағалиевтың туған күні.
 
Қазақ әдебиетіне соғыстан кейін келген Тұманбай Молдағалиев Хрущевтің кезіндегі саяси «жылымықты» да, онан кейінгі «кемелденген социализм» мен тоқырауды, «қайта құру» жылдарын да, елінің Тәуелсіздігін де көріп кетті.
 
Қазақ ақындары да, әдебиеттанушы ғалымдар да оны ең әуелі лирик ақын ретінде мойындайды.
 
Басылым беттеріне берген сұхбаттарының бірінде: «Көңілімнен өлеңнің оты өшкен күні жер бетінде жүре қоймаспын. Өлеңнен өз орнымды таптым», деген еді ақын.
 
Расында да, ғұмырының соңғы сәттеріне дейін Тұмағаң өлең жазуды тоқтатпады.
 
Ақынның көктемге арнаған өлеңін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.
 
Көктем келді, дүние жыр жырлайды
 
Көктем келді,
дүние жыр жырлайды,
Бұлақ болып, бусанып сылдырлайды.
Көктем келсе,
Менің де жапырағым
Тал бойымнан
оянып сыбдырлайды.
Бірде олай
тіршілік, бірде былай,
Айтылады ұлы әндер ырғағы бай.
Көктем келсе,
менің де
қызғалдағым,
Қырға толып
кетеді жылдағыдай.
Бұлттар күнді біресе жасырады,
Біресе күн бұлттарға асылады.
Көктем келсе,
менің де көк
өзенім,
Толып ағып
теңізге асығады.
Әңгімесін жер айтып,
тауыса алмайды,
Көз алдында
алысқа тау самғайды.
Көктем келсе,
менің де
көкірегімнен,
Жаңбырға ұқсап жаңа бір жыр саулайды.

Хабарламаларға жазылу