Қазақстан 2015 жылы ТМД елдері туризм кеңесіне төраға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан 2015 жылы ТМД елдері туризм кеңесіне төраға болады

16.03.2014
Қазақстан 2015 жылы ТМД елдері туризм кеңесіне төраға болады
2015 жылы Қазақстан ТМД елдері бойынша Туризм кеңесіне төраға болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қарасты туризм индустриясы комитетіне сілтеме жасап.

14 наурыз күні Мәскеуде халықаралық экономикалық форум өз жұмысын бастады. Аталмыш форум «ТМД және өзара әрекеттестіктің жаңа үлгісі» деп аталуда.
 
Форум барысында ТМД елдері бойынша туризм кеңесінің мүшелері өзара бас қосты. 2014 жылғы ТМД мемлекеттерінің туризм кеңесіне Беларусь елі төрағалық ететін болды.

Белгілі болғандай, 2014 жыл ТМД аясында «Туризм жылы» болып жарияланды. Еліміздің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиевтың хабарлауынша, 2015 жылы Қазақстан ТМД бойынша туризм кеңесіне төраға болмақ.

«Туризм кеңесіне Қазақ елі тарапынан 20-ға тарта жоспар ұсынылды. Кеңеске қатысқан барлық туризм мүшелері өздерінің бұл саланы дамытуға қатысты жоспарларын, шараларын ұсынды», - дейді Марат Иғалиев.

Айта кету керек, ТМД бойынша туризм кеңесі 1994 жылы құрылған. Кеңес мүшелігіне Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина кіреді.
 
Аталмыш кеңес достастық елдерінде туристік индустрияны тиімді дамыту туралы, интеграциялық үдерістерді және туристік саясатты жандандыру мәселелеріне назар аударады.

Хабарламаларға жазылу