Биылғы жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапармен Қытайға баруы жоспарланған. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінде сайттың қытай тіліндегі нұсқасын іске қосуға арналған Астана мен Бейжің арасындағы тікелей бейнебайланыс барысында Қытайдағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Ермекбаев мәлімдеді.
Екі елдің арасындағы ынтымақтастық деңгейі күн сайын артып келе жатқанына тоқталған Елші: «Сайттың қытай тіліндегі нұсқасы дер кезінде қосылып отыр. Атап айтқанда, «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің қытай тіліндегі нұсқасы биылғы мамырда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары қарсаңында ашылып отыр», - деді.
Сонымен қатар, Нұрлан Ермекбаев алдағы аптада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қытай Халық Республикасына ресми сапармен баратынын айтты.