Алғаш рет қазақтілді блоггерлер арасында байқау өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алғаш рет қазақтілді блоггерлер арасында байқау өтеді

07.03.2014
Алғаш рет қазақтілді блоггерлер арасында байқау өтеді
Елордада 24 наурыздан бастап, 1 желтоқсанға дейін қазақтілді блоггерлер арасында «Блогиада-2014» байқауы өтеді. Бұл туралы «Бәйтерек» халықаралық медиаорталығында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Жарысқа еліміздің ең мықты 32 блоггері қатысады. 
 
«Аталған байқау қазақтілді контенттің сапасын арттыру және дамыту мақсатында алғаш рет өткізілмек. 23 наурызда Қарағандыда қатысушылардың тізімі жарияланады. Әр кезең 8 турдан, яғни, 8 аптадан тұрады. Блоггерлер әр аптада берілген тақырыптарға  өз блогтарында жазба жазады. Оларды қазылар алқасы бағалайды және апта мен ай қорытындысы бойынша үздіктердің рейтингі құрылады. Әр кезең 2 айдан тұрады. Алғашқы кезеңде 32 блоггер іріктеліп алынады. Келесі кезеңге 16 қатысушы өтеді. Одан кейінгі кезеңде 8 блоггер финалдық кезең үшін таласады. Бас жүлде - 1 миллион теңге», - деді astana.kz сайтына блогиада менеджері Аршат Оразов. 
 
Байқау «Сапалы контентке - Миллион!» ұранымен өтпек.
 
Айта кетейік,  тіркелу уақыты 5-20 наурыз аралығында blogiada.kz сайтында жүргізіледі. Байқаудың І кезеңі - 24 наурыз-25 мамыр аралығында, ІІ кезең - 2 маусым-27 шілде, ІІІ кезең 4 тамыз-28 қыркүйек, IV кезең - 6 қазан-30 қарашаға дейін өтеді.
 
«Блогиада-2014» қорытындысы 6 желтоқсанда жарияланады.

Хабарламаларға жазылу